Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарларын тыңдады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Нұралхан Көшеровтің мәліметінше, облыстың экономикалық өсімі 113,9%-ға жетті, мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 1 триллион теңгеге өскен. 2025 жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылып, оның 1,4 триллион теңгесі жеке инвестиция болды, ал тікелей шетелдік инвестиция 1,4 миллиард АҚШ долларын құрады.
Өңірде былтыр 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді, «Turan» арнайы экономикалық аймағында 26 жоба жүзеге асырылуда (құны – 315 миллиард теңге). Ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамуда, олардың толық іске қосылуы 2027 жылға қарай қосымша 479,5 миллиард теңге өнім алуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге азайып, еңбекпен қамтылғандар саны 148 мың адамға жетті, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары, жол инфрақұрылымы, газдандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету салаларында маңызды жұмыстар атқарылған.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жетілдіруді жалғастыруға ерекше назар аударуды тапсырды.


