Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіру тәртібі өзгерді

Түркістан қаласының басты мақтанышы әрі рухани символы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың 15 ақпанынан бастап кешен аумағына кірудің жаңа жүйесі іске қосылған. Бұл бастама ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген бірегей ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр дейді арнайы өкілдер. Негізгі басымдықтар, келушілердің қауіпсіздік деңгейін арттыру және ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу. Аумақтағы адамдар қозғалысын реттеу және келушілер легін бақылау. Тарихи-мәдени нысанның бүлінбеуін қадағалау және жүргізіліп жатқан жұмыстардың қауіпсіздігін күшейту екен.

Енді кесене аумағына баруды жоспарлаған тұрғындар мен туристер келесі реттілік бойынша өтуі тиіс:
1. Келушілер өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын алып жүруі қажет.
2. Аумаққа кіру арнайы билеттер арқылы жүзеге асырылады.
3. Арнайы қойылған турникеттер мен қауіпсіздік құралдары арқылы тексерістен өту міндетті.
«Бұл қадам — бүкіл түркі әлемінің рухани ордасы саналатын киелі мекенді болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы маңызды стратегиялық шешім», — деп атап өтті музей-қорық әкімшілігі.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының әкімшілігі қала тұрғындары мен қонақтарын енгізілген өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырады. Жаңа жүйе кесене аумағындағы тәртіпті жақсартып, зияратшылар мен туристердің алаңсыз демалуына жағдай жасамақ.



