Басты жаңалықтар

Журналистерден үлгілі бастама

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологиялық акциялар жалғасуда.

Бұл жолы табиғат жанашырлары мен журналистер Сырдария өзенінің жағасын тазартуға атсалысты.


Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мөлдір бұлақ» акциясына басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Төлепов, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің орманшылары, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ инспекторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Жалпы 70-тен астам адам жұмылдырылған шара барысында Көксарай көпірі маңындағы аумақ қоқыстан тазартылып, өзен жағасы ретке келтірілді.


Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл облыс бойынша 7 257 экологиялық іс-шара өткізу жоспарланып, күн сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде «Тазару күні», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Мөлдір бұлақ», «Таза ауыл», «Таза қала», «Жасыл болашақ» секілді ауқымды акциялар жүзеге асырылды.


Сонымен қатар аудандарда «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Парктер шеруі», «Жасыл белдеу» жобалары қолға алынған. Бүгінде бұл жұмыстарға 355 мыңнан астам тұрғын мен 1 222 арнайы техника тартылып, 379 тонна қоқыс шығарылған.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 1 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 332 мыңнан астамы егілді. Табиғатты қорғауға бағытталған мұндай бастамалар өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button