Қазақстандық «Томирис» жасағы ерлердің рекордын бұзды

Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінде Қазақстанның «Томирис» әйелдер құрамасы тарихи нәтиже көрсетті. Олар әйелдер арасында үздік атанып қана қоймай, жалпы есепте әлемнің ондаған ерлер құрамасынан озып шықты, деп хабарлайды turkistanlife.kz @Kazakhinform арнасына сілтеме жасап.
Жарыстың ең күрделі кезеңдерінің бірінде қатысушыларға салмағы 120 келілік алып дөңгелекті тасу жүктелді. Осы сайыста, кейбір ерлер командасы бұл снарядты көтере алмай уақыт жоғалтса, қазақстандық арулар тапсырманы аса жоғары жылдамдықпен орындап шыққан. Мамандардың айтуынша, «Томирис» тобының тактикалық және психологиялық дайындығы әлемдік деңгейдегі ерлер жасағынан кем түспейді.
Нәтижесінде, олар әйелдер арасында 1-орынды, ал 100-ден астам команда қатысқан жалпы есепте 18-орынды иеленді.



