Үкімет Президент тапсырмаларын қалай жүзеге асырмақ?

Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасын сапалы жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойған болатын. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңес осы тапсырмаларды орындаудың «жол картасына» айналды.
Үкімет алдағы уақытта қандай басымдықтарға назар аударады? Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы бағыттарды кеңінен талқылады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Экономикалық тұрақтылық және халықтың табысы
Үкімет экономикалық өсімді «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатымен байланыстырады. Кеңесте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер және «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы баяндама жасады.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын жақсарту жоспарлары туралы баяндады.
Жұмыстың басым бағыттары – табыстың өсуі, инфляцияны төмендету және нақты секторды қолдау. Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін 9-11%-ға дейін төмендету жөніндегі жоспар әзірленетіні атап өтілді. 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Сондай-ақ бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты бойынша дамыту жалғасады.
Шикізатқа тәуелділіктен арылып, қуат көздерін ұлғайту
Одан кейін, мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және ЖИ шешімдерін енгізу мәселесіне назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев KEDEN және Қаржы министрлігінің салықтық әкімшілендіру платформалары, су тасқынын болжауға арналған Tasqyn, автожолдар саласындағы eJoldar, тасымалдау саласындағы Smart Cargo және басқа да салалық жүйелер туралы баяндады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға келушілер санын 2,3 млн-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Қордың инвестициялық портфелін жүзеге асыру барысы және 2026 жылға арналған жоспарлар, оның ішінде жаңа жобаларды іске қосу туралы баяндады. 2026–2030 жылдар аралығында $27 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті және цифрландыру нәтижелері,соның ішінде 5 жыл ішінде жиынтық әсері $1,3 млрд-ты құрайтын ЖИ жобаларын енгізу мәселелері жеке атап өтті. Премьер-министр Қордың құрылымын одан әрі трансформациялау мәселелерін, оның ішінде қажет болған жағдайда жекелеген компанияларды біріктіру арқылы қарастыруды тапсырды.
Одан бөлек, Қаржы министрі Мәди Такиев салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, бюджет шығыстарының ашықтығын арттыру жөніндегі тәсілдерді енгізу туралы баяндады. Бірінші жартыжылдықта Тауарлардың ұлттық каталогін іске қосу жоспарлануда. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық форматқа көшіру жеделдетілуде. Тиімсіз шығыстарды қысқарту мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет қаражатының қадағалануы үшін цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейтілуде.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық өндірісті дамыту, арнайы экономикалық аймақтарды жаңғырту және геологиялық барлауды күшейту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Отандық тауар өндірушілердің тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. АЭА қызметін кезең-кезеңмен трансформациялау жоспарлануда. Бүгінгі таңда АЭА-да өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,4 трлн теңгеге 555 жоба жүзеге асырылды, 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Терең өңдеу саласында шикізаттың сыртқа шығарылуын реттеу және жоғары қайта бөлінген өнім шығаруды ынталандыру бойынша шаралар көзделген. Сондай-ақ Маңызды минералдар саласын дамыту стратегиясы әзірленуде. Геологиялық барлау саласында алдағы үш жыл ішінде қаржыландыру көлемін өткен 30 жылдағы инвестициялар көлемімен теңестіру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және саланы жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту басты назарда. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және қадағалаудың цифрлық құралдарын енгізу бойынша міндеттер өз алдына бөлек белгіленген. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидиялардың өсуі мен ҚҚС-тың төмендеуін, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеу бойынша жаңа жобаларды іске қосуды қоса алғанда, қосымша ынталандырулар көзделген.
Цифрландыру және әлеуметтік жаңғыру
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыруды реформалау тәсілдерін ұсынды. Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, басым жобаларға шоғырландырылатын болады, сондай-ақ олардың стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейеді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру нәтижелері және оны кеңейту жоспарлары жеке ұсынылған; 2025 жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу 25,7 млрд теңгені құрады.
Азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев сөз сөйледі. Қазіргі уақытта Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасына сүйене отырып, әлеуметтік саланы цифрландыру және қолдау шараларын проактивті форматқа көшіру үшін деректерді дайындау жүргізілуде. Сондай-ақ еңбек нарығын трансформациялау бойынша міндеттер белгіленді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің құрылғаны туралы баяндады. Ол саланың IТ шешімдерін біріктіріп, процестерді ашық бақылауды қамтамасыз етуі керек. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе және денсаулық сақтау порталын іске қосу 2026 жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде «Әлеуметтік әмиянның» дамуы атап өтілді. 2025 жылы ол арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт ұсынылды, бұл жалпы көлемнің 82%-ын құрайды.
Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров саланың транзиттік әлеуетін арттыру және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда (+65%). Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар аяқталады. Ресей Федерациясы және ҚХР-мен шекаралық инфрақұрылым бойынша үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. ҚТЖ жол картасы және жаңа тарифтік саясат бекітілді. Автожол саласында Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларының үш айналма жолының құрылысы басталады. 33 өткізу пункті жаңғыртылуда. ЖИ-шешімдерді енгізу бөлігінде Smart Cargo платформасын мемлекеттік және салалық сервистермен интеграциялау жалғасады. 2027 жылға дейін Біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі құрылады.
Үкімет басшысының айтуынша, жоспарланған реформалардың барлығы түптеп келгенде ел экономикасының ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікке жол ашуы қажет. Жиын соңында Премьер-министр жауапты тұлғаларға құрғақ есептен нақты іске көшуді тапсырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігі әрбір азаматтың әл-ауқатымен өлшенетінін атап өтті.



