Жағажайдағы басты талап
Түркістан облысында шомылу маусымына қызу дайындық жүріп жатыр.

Биыл өңірде 50-ден астам жаңа коммуналдық жағажай ашу жоспарлануда.
Мамандардың айтуынша, су айдындарының қауіпті тұстарына ескерту белгілері мен ақпараттық тақталар орнатылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар балаларды жүзуге үйрету сабақтары ұйымдастырылып, әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардың балаларына тегін жүзу мүмкіндігі қарастырылған.

Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы қызмет өкілдері мен еріктілер тұрақты бақылау жүргізіп жатыр.

“Түркістан облысы аумағындағы су айдындарының қауіпті жерлерінде жүздеген ескерту белгілері мен ақпараттық стендтер орнатылып, тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында Түркістан су спорт кешенінде жүзуге үйрету сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жеке бассейн иелерімен бірлесіп, көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларын тегін жүзуге үйрету жұмыстары жалғасуда. Су айдындарында полиция қызметкерлері, шекара қызметі, Ұлттық ұлан, орман шаруашылығы мамандары, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен тұрақты бақылау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, халық арасында түсіндіру және алдын алу шаралары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, арнайы шомылу орындарын көбейту және каркасты бассейндер орнату арқылы тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау көзделген. Шомылу маусымы кезінде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз”, – деді Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Алиханов.
Мамандар әсіресе ата-аналарды балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға және тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылуға шақырады.



