Түркістан облысында балаларды оңалту қызметінің сапасы жақсарады

Түрксітан облысында оңалту саласындағы өзекті кедергілерді жою мен қызмет деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жолдары талқыланды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғиният өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмекті жандандыру мәселелерін талқылады.Облыс әкімінің орынбасары мәселенің өзектілігіне тоқталып, бала денсаулығы үшін қажетті жағдай жасалу керек екенін айтты.

– Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Ана мен бала денсаулығы – басты назарда. Мәселе өзекті. Баланың жақсы ем алуына барлық жағдай жасалу керек. Заманауи технологиялар енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жандандыру керек. Айтылған ұсыныстарды қарап шығып, жоспарға енгіземіз, – деді Қанат Қайыпбек.

Басқарма төрағасы Ұлттық балаларды оңалту орталығында көрсетілетін заманауи оңалту тәсілдерін қолдану тәжірибесімен бөлісіп, облыста жаңа орталық ашу жөнінде ұсынысын жеткізді.
– Шет мемлекеттердегі балаларға арналған реабилитациялық орталықтардың жұмысын бақыладық. Ұлттық балаларды оңалту орталығына жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Білікті маман болмаса, үздік технологиялардың пайдасы жоқ. Сондықтан, реабилитациялық орталықтардың мамандарын жинап, тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыру жоспарда бар. Осындай орталықтарды барлық облыстарда ашуды көздеп отырмыз, – деді Ажар Ғиниятқызы.

Кездесу соңында орталықтардың жұмысын жетілдіру, жаңа технологиялар енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру, шетелдік озық тәжірибені қолдану бойынша бірлесе жұмыс істеу келісілді.

Түркістан облысына іссапар барысында Ұлттық балаларды оңалту орталығының өкілдері облыстың бірқатар балаларды оңалту орталығының жұмысымен танысты. Олар «Ақбұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығының, Түркістан қалалық балалар ауруханасының оңалту бөлімшесінің реабилитациялық қызмет түрлеріне, мамандар мен жабдықталу деңгейіне оң бағасын берді.



