Түркістанда 2026 жылы 40-қа жуық халықаралық дода өтеді

Түркістан облысы бүгінде еліміздің рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар халықаралық спорттық оқиғалардың ірі орталығына айналып отыр. 2026 жыл өңір үшін нағыз тарихи кезең болмақ, өйткені мұнда 40-қа жуық әлемдік, азиялық және республикалық деңгейдегі спорт додалары өтеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Бұл ауқымды шаралар «Event Tourism» бағытын жаңа деңгейге шығарып, өңірге 40 мыңнан астам қонақтың келуіне жол ашпақ. Бүгінгі таңда облыс спорт мектептерінде 89 700-ден астам адам спорттың 63 түрімен тегін шұғылданып жатса, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 69%-ға артқан. Жалпы алғанда, 2025 жылы спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8%-ын құрады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3,4 млрд теңге бөлініп, 25 мыңнан астам бала секциялармен қамтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жастарды спортқа тарту, нысандардың халыққа қолжетімділігін арттыру және нәтиже беретін спорт түрлеріне басымдық беру мәселелері талқыланды. Әсіресе, «Мұз сарайы» базасында қысқы спорт түрлерін дамыту мен командалық ойындарды жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың өзінде Түркістан спортшылары 1668 медаль жеңіп алып, ұлттық құрамадағы спортшылар саны 766-ға жетті. Үздік нәтиже көрсеткен атлеттерге демеушілер есебінен 8 автокөлік пен 3 пәтер табысталып, 231 спортшыға ай сайынғы стипендия тағайындалды. Алдағы Жапонияда өтетін Азия ойындарында өңір намысын 17 спорт түрінен 35 спортшы қорғап, кемінде 6 медаль жеңіп алуды жоспарлап отыр. Пара Азия ойындарына да дайындық қызу, онда 7 спортшымыздан жоғары нәтиже күтілуде.

Инфрақұрылымдық даму тұрғысынан алғанда, 2026 жылы 11,3 млрд теңгеге 20 жаңа нысан пайдалануға берілмек, оның ішінде жеке инвесторлар мен «Қазақстан халқына» қорының есебінен салынған нысандар да бар. Түркістанда ашылатын инклюзивті спорт орталығы мен жаңа ипподром өңірдің спорттық ажарын аша түспек.

Алдағы уақытта Наурыз мерекесіне орай көкпар, бәйге, жамбы атудан «Nauryz Cup» турнирлері, 1000 адамның қатысуымен өтетін асық ату сайысы, сондай-ақ Б.Саттарханов пен М.Ділдабеков жүлдесіне арналған халықаралық турнирлер өткізіледі.
Сонымен қатар, ескек есуден Азия чемпионаты мен «Түркістан марафон – 2026» жарыстары өңірдің спорттық имиджін әлемдік деңгейде асқақтата түспек.



