Басты жаңалықтар

Түлектердің 20 жылдық кездесуі игі іске ұласты

Түркістанда мектеп бітіргеніне 20 жыл толған түлектер қайырымдылық бастаманы жалғастырып, мұқтаж отбасыға жаңа баспана тарту етті. «Бекзат» мөлтек ауданының 1988 жылы туған азаматтары дүниеден өткен құрдастары Жасұлан Бауыржанұлының отбасына 5 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.


Жаңа баспананың табыстау рәсіміне Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Есенәлімұрат Ізтілеуов, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қала әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысты.

Игі бастаманың ұйымдастырушыларының бірі Мамырхан Пашанов бұл үйді дүниеден өткен құрдастарының балаларына арнап салғанын айтты. Негізгі мақсат – балалардың өз шаңырағында өсіп, отбасы жылуын сезініп, бақытты балалық шақ кешуіне жағдай жасау.

«Бекзат» мөлтек ауданында мұқтаж отбасыларға баспана тарту ету дәстүрі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Әсіресе Наурыз мерекесі қарсаңында және мектеп бітіргеніне 20 жыл толған азаматтардың бастамасымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.


Бұл жолғы баспана – аталған игі дәстүр аясында табысталған 21-ші үй.


Келесі жылы қайырымдылық эстафетасын 1989 жылы туған азаматтар жалғастырады. Ал 1996 жылы туған жастар мұқтаж отбасыға арналған үйдің құрылысын 80 пайызға жеткізді. Жаңа баспананы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында иелеріне табыстау жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button