Заңға құрмет – әділетті қоғамның бастауы: Түркістанда республикалық конференция өтті
Түркістанда заң үстемдігі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері талқыланған республикалық конференция өтті.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен басқосуды облыс әкімдігі мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» ұйымдастырды.
Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, мемлекет қайраткері Сейтжан Қойбақов, заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов, сала ардагерлері мен студенттер қатысты.
Университет ректоры Жанар Темірбекова заң мен тәртіптің қазақ қоғамындағы тарихи негізіне тоқталып, «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» құқықтық дәстүрлерін мысалға келтірді. Ол жастардың ұлттық құқықтық мұраны танып, заң үстемдігін күнделікті өмірде ұстануы маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің құттықтауын жеткізді. Оның айтуынша, облыста 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, нашақорлық пен буллингтің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Басқосуда Әділ Шаяхметов заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлін түсіндірді. Сала ардагерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтегі адалдық және заңдылықты сақтау жөнінде баяндамалар жасады. Студенттер сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты.
Іс-шара барысында университет кітапханасына Әділ Шаяхметов, Сейтжан Қойбақов және Есберген Алаухановтың кітаптары табысталды.
Конференция соңында университет пен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, мемлекеттік қызмет этикасы бойынша дәрістер өткізу, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру, жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау және тәжірибе алмасу көзделген.



