Түркістандық палуан Көшпенділер ойындарында қарсыласын тізе бүктіріп, алтын алды

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық спортшылар ел мерейін үстем етіп, жарыстың көшін бастады. Тартысты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшысы Сайлау Мұхамеджан аударыспақтан топ жарды. Жетпіс келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз финалдық белдесуде қырғызстандық палуанмен кездесіп, айласын асырды. тартысқа толы кездесу екі бір есебімен аяқталып, отандасымыз дүбірлі доданың алтын медалін иеленді. Бұл – Қазақстан құрамасының бұл байрақты бәсекеде қоржынға салған екінші алтын жүлдесі. Жаһандық доданың маңызды сәтіне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы барып, ұлттық спорт саңлағына тікелей қолдау көрсетті. Ат үстіндегі күш, ептілік пен шапшаңдықты талап ететін қазақтың ұлттық спорт түрі қазіргі таңда өңірде қарқынды дамып келеді. Бүгінде облыста он бір мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде айналысады.



