Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады
Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда өңірде 25 жаңа өрт сөндіру техникасы сатып алынып, 16 өрт сөндіру бекеті ашылған. Ал жыл соңына дейін тағы 11 бекет іске қосу жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымының барысы мен өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров онлайн режимде қатысып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы 11 өрт сөндіру бекеті ашылады. Сонымен қатар Леңгір қаласы мен Оранғай ауылында жаңа өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілген. Осы жұмыстардың нәтижесінде 158 елді мекендегі 363 мың тұрғынды өртке қарсы қорғаныспен қамту көзделіп отыр.
Өңірде газ қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда облысты табиғи газбен қамту деңгейі 85 пайыздан 90 пайызға дейін өскен. Газ беру кезінде автоматты газ сигнализаторлары орнатылады. Бұдан бөлек, барлық аудан мен қалада 17 газ инспекциясы құрылған.
Тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 18 мың кәсіпкерлік нысаны мен 290 мың тұрғын үй қамтылған. Зерттеу нәтижесінде 282 мың тұрғын үйдің түтін мұржалары тазартылып, 205 мың үйге газ дабылы орнатылғаны анықталған.
Аталған шаралар жылу беру кезеңінде өрттің алдын алуға, газдан улану қаупін азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.



