
Ұлттық статистика бюросы елді елең еткізген жаңа мәліметтерді жариялады.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері елімізде 1926 егіз және 54 үшем дүние есігін ашқан! Бірақ ең қызығы бұл емес. Қазақстан бойынша көпұрықты босану жағынан да, жалпы туу көрсеткішінен де бір өңір оқ бойы озып, көш бастап тұр.
Рекордсмен аймақ анықталды.
Бұл — Түркістан облысы. Аңызға айналған оңтүстік өңірі туу көрсеткіші бойынша елімізде ешкімге дес бермей келеді. Мұнда әр мың тұрғынға шаққанда 19,75 нәрестеден келеді, бұл республикадағы ең жоғары және теңдессіз көрсеткіш.
Статистикаға сүйенсек, егіздердің ең көп туылуы бойынша ТОП-3 өңір мынадай, Түркістан облысы – 263 жағдай, Алматы қаласы – 245 жағдай, Алматы облысы – 175 жағдай.
Үшемдердің дүниеге келуі бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Алайда, бұл жолы бірінші орынды бірден үш өңір бөлісті. Түркістан, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында жыл басынан бері 3 реттен үшем дүниеге келген.
Дәрігерлер мен статистердің мәліметінше, биыл елімізде төртемдердің дүниеге келу жағдайы әлі тіркелмеген.



