Түркістанда алғаш рет: Медиа мен PR мамандарына арналған қазақша Mini MBA бағдарламасы басталды
Түркістанда жергілікті медиа мен PR сарапшыларының біліктілігін ана тілімізде халықаралық деңгейге көтеретін бұрын-соңды болмаған жоба басталды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында мекеме басшылары, баспасөз хатшылары, медиаменеджерлер мен маркетологтарға арналған «Mini MBA in Strategic Communications & Media Management» оқыту бағдарламасының шымылдығы түрілді.
Жиынның ашылуында сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова бұл жобаның басты құндылығы — ұйымдағы ең басты ресурс саналатын адамдарды тиімді басқару мен ғылыми негізделген коммуникациялық шешімдер қабылдауды үйрету екенін атап өтті.
Бағдарлама 6 айға есептелген 3 негізгі модульден тұрады. Оның бастапқы кезеңі — Түркістанда басталған 3 күндік интенсивті Media Bootcamp. Мұнда қатысушылар спичрайтинг, дағдарыс кезіндегі медиаменеджмент, PR-аналитика, басшының имиджін қалыптастыру және заманауи коммуникациядағы Жасанды Интеллект (ЖИ) құралдарын тиімді қолдану сияқты 10 өзекті бағыт бойынша тәжірибелік білім алады.
Курс дәрістерін АҚШ-тағы Northwestern University түлегі, маркетинг және коммуникация сарапшысы Бақыт Аманжолқызы мен «Хабар» телеарнасының бас продюсері Нұрмұхамед Байғара жүргізуде. Бағдарламаның басты нәтижесі — қатысушылардың тек теориямен шектелмей, оқу соңында өз мекемелеріне арналған нақты медиажобаны қорғап шығуы.
Өңірдегі алғашқы қазақша Mini MBA форматы еліміздің әр аймағынан жиналған мамандар үшін тәжірибе алмасатын және жаңа серіктестік қалыптастыратын бірегей кәсіби алаң болмақ.



