Басты жаңалықтар

Бір ғана тізім арманыңызды анықтамасын»: Саясат Нұрбек грантқа іліге алмаған талапкерлерге үндеу жасады

Мемлекеттік білім грантының нәтижесі жарияланды. Биыл 75 мыңнан астам талапкер грант иегері атанды. Ал өз есімін тізімнен таба алмаған талапкерлерге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мойымауға шақырды.

Министрдің айтуынша, грантқа түсе алмау жоғары білім алуға деген жолдың аяқталғанын білдірмейді. Ол бір емтихан немесе бір конкурсты адамның болашағын анықтайтын шешім ретінде қабылдамауға шақырды.

«17-18 жаста мұндай сәттерді шынымен солай қабылдаймыз: өттің – алдыңнан жол ашылды, өтпедің – арманың алыстап кеткендей болады. Бірақ адамның жолы сирек жағдайда түзу сызықпен жүреді», – деді Саясат Нұрбек.

Биыл грант конкурсына қатысушылар саны да артқан. 2025 жылы 113 мың өтініш берілсе, 2026 жылы олардың саны 127 мыңға жеткен. Яғни бір жылда өтініш саны 14 мыңға өскен.

Мемлекеттік грантқа іліге алмаған талапкерлер үшін басқа да мүмкіндіктер бар. Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Сонымен қатар әкімдіктер 2 мыңнан астам білім грантын бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары қарастырылған.

Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынып отыр. Сондай-ақ KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдар білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда.

Саясат Нұрбек оқуға ақылы негізде түскен студенттер үшін де мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін босап қалған мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады.

Министр ата-аналарға да ерекше үндеу жасады. Оның сөзінше, грантқа түсе алмаған баланы өзгелермен салыстырмай, осы сәтте оған қолдау көрсету маңызды.

«Бір конкурсты үкімге айналдырмаңыз. Оның орнына университеттердің тізімін бірге қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыздар, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіздер. Келесі жолды бірге іздеңіздер», – деді министр.

Саясат Нұрбек грант иегерлерін де құттықтап, олардың нәтижесінің артында айлар мен жылдар бойғы еңбек, ата-ананың алаңдауы, ұстаздардың қолдауы және талапкерлердің табандылығы тұрғанын атап өтті.

«Бірнеше жылдан кейін студенттік жолыңыздың қандай нәтижеден басталғанынан гөрі, қандай маман және қандай адам болып қалыптасқаныңыз әлдеқайда маңызды болады. Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз», – деді ол.

Министр сөз соңында мемлекеттік грант иегерлерін құттықтап, тізімнен өз есімін таба алмаған талапкерлерге тоқтамауды тіледі.

«Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді», – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button