Каспийдегі әскери жаттығу қайғылы оқиғамен аяқталды
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға осыдан 11 жыл бұрынғы жағдайды еске түсірді.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында өткен Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауыр қазаға соқтырған төтенше жағдай орын алды. Ауа райының кенеттен бұзылуы салдарынан әскери қызметшілерді су ағызып кетті. Бұл қасірет бұдан тура 11 жыл бұрын, яғни 2015 жылдың күзінде Ақтау маңында болған әскери апатты еріксіз еске түсіреді.
«Хазар қорғаны – 2026» деп аталатын ауқымды оқу-жаттығу барысында жеке құрам жағалау бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін пысықтауы тиіс еді. Алайда метеорологиялық жағдайдың күрт нашарлауы мен желдің күшеюі қауіпті жағдай тудырды. Оқиғаның алғашқы сағаттарында тараған ақпаратта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесі мен ресми деректер нақтыланып, Қорғаныс министрлігі қаза тапқандар саны 12 адамға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары мен оқиғаның мән-жайын анықтау шаралары жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бұл трагедияда қаза тапқан әскери қызметшілердің ішінде аға лейтенанттар мен матростар бар. Ведомство таратқан ресми дерек бойынша, 2026 жылғы трагедияда қаза тапқан әскери қызметшілердің аттары мен жөндері анықталды:
Олжас Мұхтарұлы — 09.01.2003
Сержан Талғатұлы Аяпберген — 18.02.2006
Өмірбек Өмірболатұлы Өмірзақ — 23.04.2007
Алмас Жүсіпұлы Көбенов — 23.01.2006
Ақылбек Қабденұлы Төлеген — 11.02.2007
Жеңіс Тлеуұлы Темірғалиев — 08.05.2005
Мейрамбек Ермұханұлы Бердіханов — 21.03.2006
Әсет Саматұлы Жаңабай — 19.09.2006
Азамат Болатбекұлы Мәдіхан — 10.06.2007
Дастан Нұрболұлы Бегей — 03.09.2007
Ақжайық Болатбекұлы Гилаж — 15.09.2006
Олжас Тәжібайұлы Диханбаев — 14.01.2005.
Басқа да қаза тапқандардың тізімі министрліктің ресми ақпаратында толық көрсетілді. Әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттар мен анонимді тізімдер бұл ресми көрсеткішке енбейді.
Бұдан дәл 11 жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 18 қыркүйегінде Ақтау маңындағы Каспий теңізінде «Орталық-2015» стратегиялық оқу-жаттығуы кезінде де осындай ауыр апат тіркелген болатын. Сол кезде теңіз десантын түсіру кезінде күшті толқын мен қолайсыз ауа райынан суға шыққан әскери техникалардың батуы салдарынан төрт сарбаз қаза тапқан еді. Олар — Бауыржан Жолдабай, Асылжан Махамбетов, Замир Әділов және Бақытжан Қалыбай. Марқұмдардың әскердегі мерзімі аяқталуға жақындаған кез еді.
2015 жылғы қайғылы оқиғадан кейін арнайы тергеу жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталды. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, 2016 жылы сот үкімі шықты. Жауапқа тартылған алты әскери қызметкердің бір бөлігі нақты бас бостандығынан айырылса, қалғандарына шартты жаза тағайындалды.
Екі оқиғаны салыстырсақ, екеуі де күз айларында, Каспий теңізінде және күрделі метеорологиялық жағдайлар кезінде орын алғанын көреміз. 2015 жылы техниканың суға батуы басты себеп болса, 2026 жылы табиғи факторлар мен күшті желдің әсерінен адам шығыны тіркеліп отыр. Алайда екі жағдайдың да ауқымы мен қаза тапқандар санында айырмашылық бар.
Қазіргі 2026 жылғы оқиға бойынша Үкімет басшысының орынбасары басқаратын арнайы комиссия құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.
11 жыл бұрынғы апаттан кейін қауіпсіздік шараларын күшейту туралы талаптар қойылғанымен, 2026 жылы осындай қауіптің қайталануы қоғамда үлкен сұрақ тудырып отыр. Дегенмен, оқиғаның түпкілікті себептері мен кінәлілердің әрекеті қазіргі жүргізіліп жатқан ресми тергеу нәтижесі шыққаннан кейін ғана толық белгілі болады.



