Қазақстанда 64 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды
Қазақстанда соңғы бір жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 64 894 адам тізімнен шығарылған. Бұл туралы «Отбасы банк» басшылығы мәлімдеді.

2026 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана бөлу функциясы «Отбасы банкке» берілген.
Банк мәліметінше, бүгінге дейін 10 мыңнан астам несие және 19 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй берілген. Осылайша 29 мыңнан астам адам баспаналы болып, кезектен шығарылған.
Ал кезекте тұрғандардың тізімін түгендеу барысында тағы 64 894 адам кезектен алынған. Олардың арасында мемлекеттік қолдау шараларын алған азаматтар да бар.
«Отбасы банк» басшылығының айтуынша, кезекте тұрғандардың 30–40 пайызы тұрғын үйге мұқтаж болмауы мүмкін. Бұған дейін азаматтарға кезектегі мәліметтерін жаңартып, түгендеуден өту қажеттігі ескертілген.
Қазір банкке азаматтардың келісімінсіз деректерді түгендеуге мүмкіндік берілген. Осыған байланысты кезекте тұруға негізі жоқ адамдар анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданбақ.



