IT таланттар мемлекеттік қызметке шақырылады

Елде цифрлық қауіпсіздік саласындағы талантты мамандарды қолдауға және оларды арнаулы мемлекеттік органдарға тартуға ерекше назар аударылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің мәселелерін талқылау кезінде депутат Болат Керімбек мәлімдеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
-Бүгінде қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті. Ал бұл қызметті тиімді атқару заманауи цифрлық құзырет пен аналитикалық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады, — деді Б. Керімбек.
Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдер қолдану мемлекеттік институттарға инновацияларды жылдам енгізуге және цифрлық дамуды тиімді арттыруға мүмкіндік береді.



