Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы: «Орталық Азия» орталығының құрылысы қалай жүріп жатыр?
Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында екі ел Президенттерінің келісімімен бой көтерген «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ерекше қарқынмен салынып жатыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын бұл стратегиялық маңызды аймақта инвесторлар үшін ауқымды жобалар қолға алынды.

Аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көзбен көріп, сапасын тексеру үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып қайтты. Қазіргі таңда нысанда атқарылып жаткан жұмыстардың көрсеткіші бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталып, қазіргі уақытта іске қосу-баптау кезеңі жүріп жатыр. Сумен жабдықтау, кәріз жүйелері және аумақты абаттандыру жұмыстары 45%-ғаорындалды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында әкімдік тарапынан 8 өндірістік ғимараттың құрылысы толықтай аяқталды.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақта бүгінде жалпы құны 47,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылған. Сонымен қатар, сайынған 8 өндірістік ғимаратта жұмыс істеуге ниетті әлеуетті инвесторлармен бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл бастамалар алдағы уақытта мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады.
«Инвестор үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Әр жобаның іске асу мерзімі нақты сақталып, туындаған мәселелер жедел шешілуі қажет. Әсіресе, инфрақұрылым тарту, жер телімдерін рәсімдеу және тиісті құжаттар алу бойынша кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек», деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Қайыпбек.
Бұл бағыттағы жұмыстар тікелей облыс әкімінің қатаң бақылауында.
Орталықтың Қазақстан – Өзбекстан шекарасына тікелей жақын орналасуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра түседі. Бұл екі ел арасындағы өндірістік кооперацияны тереңдетуге, сауда байланыстарын кеңейтуге және логистикалық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға үлкен серпін береді.



