Басты жаңалықтар

Түркістан бюджеті қайта қаралды

Түркістан облыстық мәслихаты облыстың 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын мәлімдеді.

Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс XXIV сессиясында 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.


Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жаппар Күмісбек баяндама жасады. Кейін тұрақты комиссияның қорытындысы тыңдалып, депутаттар тиісті шешімді қолдады.


Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылданған өзгерістер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.

– Бөлінген бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Барлық жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді өңір басшысы.


Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысында қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша бірінші орынға шыққан. Қазір облыста инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, өндірістік парктерді дамыту, ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы жобаларға басымдық беріліп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button