ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІНЕ ОРАЙ «ҮКІЛІ ДОМБЫРА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Елімізде 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Түркістан қаласында дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізді.
Байқаудың басты мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу және ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру. Сонымен қатар байқау дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған.
Биылғы байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларынан бөлек, Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан келген этнос өкілдері қатысты. Қатысушылар дәстүрлі ән, күй және терме орындау номинациялары бойынша өзара бақ сынады.
Байқау барысында қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің сан түрлі үлгілері орындалып, жас өнерпаздар өздерінің орындаушылық шеберлігін ортаға салды. Қатысушылардың өнері кәсіби қазылар алқасының назарына ұсынылды. Қазылар құрамына мәдениет пен өнер саласының танымал мамандары, дәстүрлі өнердің майталмандары және жоғары оқу орындарының оқытушылары енді.
Мәдени шараның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, байқаудың ұлттық мәдениетті дәріптеу мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңыздылығына тоқталды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың дәл 1 шілдеде өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Себебі осы күннен бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңа кезең басталды.
Өз сөзінде Ертай Алтаев ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің мемлекет үшін маңызына тоқталып, түрлі этнос өкілдерінің қазақтың ұлттық өнерін бірге дәріптеуінің мәнін атап өтті.
«Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты тірегі. Міне, бүгінгі іс-шара түрлі этнос өкілдерінің қазақтың қасиетті домбырасын қастерлеп, ұлттық өнерді бірге ұлықтауы – халқымыздың ынтымағы мен елдігіміздің жарқын көрінісі. Қазақстанның әр өңірінен келген жас өнерпаздардың Түркістан төрінде бас қосуы – мәдени байланыстарды нығайтудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Байқау қорытындысы бойынша әр номинацияда үздік өнер көрсеткен қатысушылар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар белсенділік танытқан өнерпаздар мен олардың жетекшілеріне арнайы алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауы этнос жастары арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді дәріптеуге бағытталған. Дәстүрлі байқау алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.



