Басты жаңалықтар

Телефонын тастап, күрек алғандар

Кітап бетіндегі қызанақ қалай өмірге келді?

Сәуір айының соңы. Сыныпта биология сабағы өтіп жатыр. Мұғалім тақтаға өсімдіктің тамыры мен жасушаларын сызып, «қызанақты осылай өсіреді» деп түсіндіруде. Бірақ оқушылардың ойы тақтада емес. Олар сабақ біткенін асыға күтіп отыр. Неге десіз бе? Өйткені қоңырау соғыла салысымен, олар партадан тұрып, өздерінің «жасыл әлеміне» қарай жүгіреді!

Бұл Келес ауданы, Біртілек ауылындағы №66 мектептің күнделікті көрінісі. Бұл жерде балалар тек кітап оқып қана қоймайды, олар нағыз агрономдарға айналған.

Бәрі неден басталды? Мектеп жанынан заманауи жылыжай ашылады дегенде, көбісі: «Әй, балалардың қолынан не келеді дейсің? Екі күн суғарады да, ұмытып кетеді» — деп күмәнмен қарағаны жасырын емес. Бірақ, STEM кабинетінің жас зерттеушілері мен мектеп парламенті бұл қиындықты намысқа тырысып қабылдады.

Олар жеңді түріп тастап, іске кірісті. Арнайы тұқымдарды іріктеді. Сапалы көшеттерді өз қолдарымен дайындады. Тіпті заманауи тамшылатып суғару жүйесін де өздері реттеп, іске қосты.

Ұстаздар тек бағыт-бағдар беріп отырды, ал қалған сиқырдың бәрін балалардың өздері жасады.

Міне, бүгін сол еңбектің жемісі пісіп жетілді.

«Біз тек қияр өсіруді емес, болашақты жоспарлауды үйрендік», — дейді жас зерттеушілердің бірі.

«Келешек мектебі» жобасы аясында басталған бұл қадам мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі мақсат бұдан да өршіл. Жас агрономдар енді жылыжайда құлпынай мен құлпырған қызғалдақтар өсіруді жоспарлап отыр. Кім біледі, бәлкім дәл осы мектептен ертең елді асырайтын болашақ миллиардер-агрономдар шығатын шығар?

Басқа жаңалықтар

Back to top button