ТӘУЛІГІНЕ 200 МЫҢ КІРПІШ: ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ӨНДІРІС КӨЛЕМІН АРТТЫРУДА

Ордабасылық кәсіпкерлер құрылыс нарығын бағындыруға көшті. Бадам ауылында іске қосылған жаңа зауыт адам күшін аз қажет ететін, толықтай автоматты жүйемен жұмыс істейді. Жоба аясында өндірілетін сапалы қыш кірпіштер тек аудан емес, облыс көлеміндегі сұранысты қанағаттандыруды көздейді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Осы орайда аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылындағы «Оңтүстік ЖБИ» кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны 2012 жылдан бері құрылыс саласына сапалы өнім ұсынып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын иесі Бегалы Мұхамедовтың бастамасымен зауытты толық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған әрі роботтандырылған жүйеге көшіріледі.

Жаңғырту жобасының жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша жаңартылған зауыт биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 200 мың дана кірпіш шығаруға жетеді. Сонымен қатар, жоба аясында 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауытқа қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан жеткізілуде. Аталған инвестициялық жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, құрылыс саласының дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ, отандық өндірісті қолдауға және жергілікті экономиканы нығайтуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.




