Басты жаңалықтар

Бір парта, бір арман және екі 140 балл

Түркістандық қос түлектің таңғажайып тарихы

Елестетіп көріңізші, бір сынып, бірдей таңдау пәндері, тіпті болашақ мамандықтары да бір. Ал бүгін олар бүкіл Қазақстанды таңғалдырып отыр.

2026 жылғы 16 мамыр Түркістандағы «TULGA SCHOOL» мектебінің тарихына алтын әріппен жазылатын күн болды. Осы мектептің 11 «Д» сынып оқушылары Жаңбырбай Айсұлтан мен Нышанбаев Жасур ҰБТ-дан мүмкін болған ең жоғары көрсеткіш – 140 ұпайды бір күнде еншіледі.

Бұл кездейсоқтық па, әлде темірдей тәртіптің нәтижесі ме? Келіңіз, қос чемпионның жеңіске қалай келгеніне көз жүгіртейік.

Жасур Нышанбаев – Түркістанның өз тумасы. Оның 140 балды иеленуі нағыз еңбекқорлықтың үлгісі. Ол бірден бұл шыңды бағындырған жоқ. Қаңтарда 120 балл жинады. Наурызда нәтижесін 128 балға жеткізді. Ал мамыр айында жүйелі дайындықтың арқасында мақсатына жетіп, 140 балды еншіледі.

Ал Айсұлтан Жаңбырбайдың тарихы тіпті бөлек. Ол білім қуалап Шымкенттен арнайы Түркістанға келген. Отбасынан жырақта, мектеп жатақханасында тұрып, түндерін кітаппен өткізді. Оның да графигі тек өсумен болды. Мысалы қаңтарда 125 балл, наурызда 128 балл, ал негізгі емтиханда — 140 балл.

Бұл екі жігіт жай ғана сыныптас емес, олар интеллектуалды «егіздер» сияқты. Екеуі де Дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған. Екеуі де халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл алып, ағылшын тілін судай білетінін дәлелдеген.

Ең қызығы, екеуінің де мақсаты бір. Олар Астанадағы Максут Нәрікбаев атындағы университетке (MNU) «Аударма ісі» мамандығына түсіп, болашақта халықаралық деңгейдегі маман болғысы келеді.

Бір сыныптан екі бірдей 140 балл иегерінің шығуы — бұл Түркістан өңірінің білім саласындағы үлкен сенсация. Арманшыл қос түлекке ақ жол тілейміз. Бүгін Түркістанды таңғалдырған ұлдар, ертең Қазақстанның атын әлемге танытары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button