Басты жаңалықтар

Түркістанға 3,5 млрд доллар инвестиция тартылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысы өңір экономикасының өсімі, инвестиция көлемі және түркі елдерінің ынтымақтастығына тоқталды.

– Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту, — деді Президент.

Мемлекет басшысы Түркістанның тарихы терең әрі болашағы жарқын шаһар екенін атап өтті. Сондай-ақ саммит аясында Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын ерекше атап өтті.

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан президенті, аса қадірлі Шавкат Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін. Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы, –деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде қазіргі халықаралық геосаяси ахуалдың күрделі кезеңінде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілігі маңызды екенін жеткізді.

– Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі әрі құбылмалы кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп келеді. Қарулы қақтығыстар мен соғыстар толастамай тұр. Мұның бәрі әлем экономикасына теріс әсер етіп отырғаны байқалады. Осындай алмағайып шақта түркі мемлекеттерінің өзара бірлігін сақтау аса маңызды екенін Мемлекет басшысы атап өтті.

Сонымен қатар саммитте жасанды интеллект пен цифрландыру тақырыбының өзектілігіне назар аударылды.

Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында технологиялық даму мен цифрландырудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әлемде технологиялық бәсеке күшейіп, инновацияға негізделген даму басты басымдыққа айналып отыр. Осы орайда жасанды интеллект пен цифрлық трансформация мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды факторға айналған.

Сондықтан түркі мемлекеттері бұл үдерістен тыс қалмай, өзара ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ технологиялық даму жолында бірлесіп әрекет етуі қажет екені атап өтілді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button