Қазақстанда 22 мыңнан астам адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды
Кәсіптік оқыту арқылы азаматтар бірнеше айда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруде.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша біліктілікті арттыру және жаңа мамандықтарды игеру мақсатында кәсіптік оқумен 22 051 адам қамтылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға бірнеше ай ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу үдерісі бірнеше бағытта ұйымдастырылады: оқу ұйымдарында, жұмыс берушілердің тікелей жұмыс орындарында, сондай-ақ онлайн форматта.
Атап айтқанда, оқыту курстары жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес қалыптастырылып, өндірістік тәжірибемен ұштасады. Онлайн оқыту Skills Enbek платформасы арқылы жүргізіліп, биылдың өзінде 21,6 мың азаматты қамтыған.
Бағдарлама аясында оқыту ұзақтығы 6 айдан аспайды. Бұл кезеңде қатысушылар теориялық біліммен қатар практикалық машықтарды да меңгереді.
Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында тіркелген – 2,6 мың адам. Одан кейін Шымкент қаласы (2,3 мың), Түркістан және Қызылорда облыстары (әрқайсысы 1,6 мың), сондай-ақ Қостанай облысы (1,5 мың) көш бастап тұр.
Сонымен қатар, мансап орталықтары арқылы 163 адам оқу ұйымдарына жолданған. Олардың 10-ы оқуды аяқтап, 9 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жұмыс берушілер базасында ұйымдастырылатын оқыту кезінде тәжірибелі мамандар тәлімгер ретінде бекітіледі. Бұл кезеңде жұмыссыз азамат пен жұмыс беруші арасында еңбек шарты жасалып, оқушыға ай сайын 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді. Биыл мұндай форматта 288 адам білім алған.
Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында аспаз, тігінші, бухгалтер-кассир, шаштараз, тракторшы-машинист және маникюр шебері бар.
Айта кетейік, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына немесе ауылдық округ әкімдіктеріне жүгіне алады. Бағдарлама қатысушыларына мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіледі: оқу ақысы төленіп, шәкіртақы немесе жалақы беріледі, жол жүру және тұру шығындары өтеледі.



