
Қазақстандық студенттер AI-Sana бағдарламасы аясында жасанды интеллектке негізделген 442 қолданбалы жоба әзірледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Бағдарламаның екінші кезеңіне еліміздегі 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1 500-ден астам куратор қатысып жатыр. Әзірленген жобалар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы және өнеркәсіп салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған.
Ең көп жоба білім беру саласына тиесілі. Бүгінде оқыту сапасын арттыру, оқу үдерісін жекелендіру және әкімшілік жұмыстарды автоматтандыруға арналған 188 цифрлық шешімәзірленген.
Бағдарлама аясындағы табысты жобалардың бірі – AI-Talapker чат-боты. Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген жүйе ҰБТ мен жоғары оқу орындарына түсуге қатысты сұрақтарға жауап беріп, осы уақытқа дейін 69 мыңнан астам өтінішті өңдеген. Соның нәтижесінде талапкерлерге ақпарат алу жеңілдеп, мамандарға түсетін жүктеме азайған.



