Президент «ҚазМұнайГаз» басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Кездесуде ұлттық компанияның 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарлары талқыланды. Асхат Хасеновтің баяндамасына сәйкес, 2025 жыл компания үшін нәтижелі болған. Мұнай және конденсат өндірісі 26,2 миллион тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Еліміздегі үш ірі зауытта 17,5 миллион тонна шикізат өңделген. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 миллион тоннаны құрап, көрсеткіш 1,2 миллион тоннаға жақсарған.
Одан бөлек, компания бұрын зерттелмеген аумақтарда геологиялық барлау жұмыстарын күшейткен. 2025 жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталса, 2029 жылға дейін тағы 24 ұңғыма қазылмақ. Бұл мақсаттарға бағытталатын жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.
Сондай-ақ, Қытайдың CNOOC және Sinopec алпауыттарымен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобалар бойынша келісімшарттар жасалса, BP мен Turkish Petroleum секілді халықаралық компаниялар жаңа учаскелерді зерттеуге кіріскен.
Одан бөлек, мұнай-газ химиясы және газ өңдеу саласында жалпы құны 15 миллиард доллар болатын ірі жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар, жылына қосымша 2,3 миллиард текше метр газ өндіру үшін Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында жұмыс жүріп жатыр. Маңғыстау облысында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын «Кендірлі» зауыты іске қосылған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жандандыруды және ірі инвестициялық жобаларды бекітілген кестеге сай уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.



