Түркістан облысы шахматтан үздік үштікте

Түркістан қаласында өткен 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының шахмат чемпионатында Түркістан облысы үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды turkıstanlıfe.kz

Түркістанда 20-30 қаңтар күні шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Елдің 20 аймағынан келген 1050-ге жуық жас шахматшы қатысқан басты дода ұлттық іріктеу жүйесінің шешуші кезеңі саналады. Дәл осы турнир қорытындысы бойынша 2026 жылғы халықаралық жарыстарға қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, ҚР шахмат федерациясының атқарушы директоры Гулмира Даулетова, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев марапаттап, құрмет көрсетті. Аталған бәсекеде Түркістан облысының намысын қорғаған жас спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Классика бағдарламасы бойынша Әсия Асылхан 16 жасқа дейінгі қыздар арасында, 6 жасқа дейінгі қыздар арасында Кәусар Батырбек, 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Айару Алтынбек, 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Нұрислам Сұлтанхан алтын медаль иеленді. Жалпы командалық есеп бойынша Түркістан облысының қоржынында 10 жүлде болды.



