Көне Түркістанның ғасырлық жәдігерлері Беларусь төрінде таныстырылды
Беларусьтің Несвиж қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи жәдігерлері қойылған «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды.

Экспозицияға XII ғасырдағы түпнұсқа терракоталық тақташалар, XIV ғасырдағы қыш қаптамалардың бөлшектері мен көне сәулет өнерінің өзге де үлгілері қойылған.
Көрме Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылды. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және шетелде насихаттау жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылған.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Тимур Жақсылықов, «Әзірет Сұлтан» және «Несвиж» музей-қорықтарының өкілдері, сондай-ақ «Достар» мен «Атамекен» қазақ қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері қатысты.
Көрме келушілеріне көне Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы мен Ясауи кесенесінің сәулеттік ерекшеліктері таныстырылды. Экспозициядан майолика, мозаика элементтері мен көне жазулардың фотосуреттерін де көруге болады.
Сонымен қатар көрменің жеке бөлімі Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына арналған. Онда қолжазбалар, «Насабнама» шежіресі және Ясауи ілімін жалғастырушылардың еңбектері ұсынылған.
Көрменің басты ерекшелігі – Түркістандағы тарихи ескерткіштің сәулеттік бөлшектері мен рухани мұрасын шетелдік көрерменге түпнұсқа жәдігерлер арқылы таныстыру.



