Шыңғыс хан сенім артқан Бөрте: Ұлы дала патшайымы туралы кітап жарық көрді
Алматыда «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» кітабының тұсаукесері өтті. Arman-PV баспасынан жарық көрген туындыда Шыңғыс ханның жары, төрт ұлының анасы әрі Бас Орданың иесі болған Бөртенің тарихи тұлғасы баяндалады. Кітаптың авторы – ақын, әдебиеттанушы ғалым Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет.

18 қарашада «Атакент» көрме орталығында өткен таныстырылымға жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, әдебиеттанушы Гүлжахан Орда, тарих ғылымдарының докторы Гүлжаухар Көкебаева және кітап саласының өкілдері қатысты.
Кітаптың басты ерекшелігі – Бөртені тек ханның жары ретінде емес, мемлекет ісіне араласқан тарихи тұлға ретінде танытуында. Автор жазба шежірелер мен халық жадында сақталған аңыздарға сүйене отырып, оның өмір жолын, ел басқарудағы орнын және Шыңғыс ханға ықпалын баяндайды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Шыңғыс хан жорыққа аттанғанда ел ішінің тыныштығы мен қазынасын бақылау міндеті анасы Уәлін мен Бөртеге жүктелген. Ал Бас Ордада ханның туы мен мөрі сақталып, шетелдік елшілер қабылданған. Бұл Бөртенің билік жүйесіндегі беделі мен қағанның оған артқан сенімін көрсетеді.
128 беттік кітап жасөспірімдерге арналған. Басылымда қазақ тіліндегі түпнұсқамен бірге орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармалар берілген. Кітаптың тұжырымдамасын Қымбат Қараева әзірлесе, ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. Иллюстрациялары жасанды интеллект көмегімен жасалған.
Айта кетейік, еңбек бұған дейін қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылған. Енді Алматыдағы оқырманға ұсынылып отыр.
Кітаптың тұсаукесері «Ұлы Жібек жолымен» XIV халықаралық кітап және полиграфия көрмесі аясында өтті. 18–20 қараша аралығында ұйымдастырылған шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Канада, Түркия, Тәжікстан және Өзбекстаннан баспа саласының өкілдері қатысты.
Көрме аясында отандық баспалардың жаңа еңбектері таныстырылып, авторлар оқырмандармен кездесті. Arman-PV баспасы байқауға «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» кітабын қоса алғанда төрт басылым ұсынған.
Жаңа еңбек Бөртенің өмірі арқылы Ұлы дала тарихындағы әйел тұлғалардың орнын танытып, жас ұрпаққа тарихи мұраны өз тілінде оқуға мүмкіндік береді.



