Өзгенің түрі мен дауысын ұрлағандарға жаза күшейтілмек
Қазақстанда өзгенің түрі мен дауысын рұқсатсыз пайдаланып, жасанды интеллект арқылы жалған видео немесе аудио әзірлегендерге жауапкершілікті күшейту ұсынылды.

Құрылтай депутаттары мұндай әрекеттер үшін заң аясында нақты жаза қарастыру қажеттігін айтты.
Қазір интернеттегі ашық фотосурет пен дауыс жазбасын пайдаланып, адамды айтпаған сөзін айтқандай немесе жасамаған әрекетін жасағандай етіп көрсету оңай. Әсіресе әйелдер мен жасөспірімдердің бейнесін пайдаланып, интимдік сипаттағы жалған видеолар әзірлеу алаңдатарлық мәселеге айналып барады. Мұндай әрекет адамның жеке өміріне қол сұғып, ар-намысы мен абыройына зиян келтіруі мүмкін.
Осыған байланысты депутаттар заңнаманы бірізді қолдануды және кінәлілерді нақты жауапкершілікке тартуды ұсынды. Сонымен қатар шетелдік онлайн-платформалармен байланысты күшейтіп, заңсыз материалдарды жедел өшіру тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, дипфейкті анықтайтын цифрлық сараптаманы дамыту, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесі көтерілді. Сондай-ақ азаматтардан түскен шағымдарды зерттеп, оның нәтижесіне қарай жүйелі шаралар қабылдау ұсынылды.


