Басты жаңалықтар

Жаңару күні: Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті

Жаңару күніне орай «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.

Түркістан облысында Наурызнама аясындағы Жаңару күніне орай «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Шара Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген акция табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Әсіресе, Түлкібас ауданында өткен іс-шара ауқымдылығымен ерекшеленді. Қаратау мен Алатау жоталарының түйіскен тұсында орналасқан өңір табиғи бұлақтар мен өзендерге бай. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ халық игілігіне қызмет етіп келеді.

Экологиялық акцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір басшылығы, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен жастар қатысты. Шара барысында «Әулие бастау» бұлағының көзі тазартылып, аумағы абаттандырылды. Сонымен қатар бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылды.

Аймақ басшысы өз сөзінде бастаманың маңыздылығына тоқталып, бұл жұмыстың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, «Мөлдір бұлақ» акциясы – бір реттік шара емес, болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. Жалпы, облыс бойынша 1500-ге жуық адам қатысып, алдағы уақытта 1500-ге жуық бұлақ көзін ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Әулие бастау» бұлағы 1940 жылдан бері өңір тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде ол арқылы бірнеше ауылдың егістік алқаптары мен тұрғын үйлері сумен қамтылып отыр.

Жалпы, Түлкібас ауданындағы 59 елді мекеннің 49-ы ауыз суды табиғи бұлақтардан алады. Сонымен қатар 111 канал арқылы 13 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері суарылады. Бұл табиғи су көздерінің стратегиялық маңызын айқындай түседі.

Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 1,3 миллионға жуық тұрғын қатысып, 1 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Алдағы уақытта бұлақ көздерін сақтау үшін цифрландыру элементтері енгізіліп, QR-кодтар орнату жоспарланып отыр.

«Мөлдір бұлақ» акциясы табиғатты қорғаумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған жерге деген жанашырлықты арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасын табуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button