Ғасыр жасаған майдангер: Сайрамда ҰОС ардагері Ахмаджан Анартаев 100 жасқа толды
Түркістан облысындағы Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылында тарихи сәт. Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер Ахмаджан Анартаев 100 жас мерейтойын салтанатты түрде қарсы алды.

1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген Ахмаджан ата 1944 жылы небәрі 18 жасында әскер қатарына шақырылған. 64-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері ретінде Польша мен Германия жеріндегі қаһарлы ұрыс қимылдарына қатысып, Отан қорғаудың озық үлгісін көрсетті. Ерлігі мен табандылығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған қария бүгінде қос ғасырдың куәсі атанып отыр.

Ғасыр жасаған батырдың туған күні ауылда айтулы мерекеге айналды. Салтанатты іс-шара орталық саябақтағы аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерейтой иесін құттықтауға Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразәлиев,Түркістан гарнизонының бастығы, полковник Талғат Мәжімбеков, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері мен ауыл тұрғындары арнайы қатысты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан майдангерге арнайы құттықтау хат жолданып, соғыс жылдарындағы ерен ерлігі мен еңбегі үшін терең алғыс білдірілді. Жиналғандар қарияға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп,ақжарма тілектерін арнады.
Бүгінде Ахмаджан ақсақал – тек ардагер ғана емес, ауылдастарының арасында аса сыйлы, үлкен әрі тату отбасының қадірлі ағасы. Жасы 100-ге келсе де, көкірегі шежіреге толы қарияның артында өсірген ұрпағы көз сүйсіндіреді.
Ол төрт ұл мен бес қыздан тараған 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған бақытты әулеттің бағбаны. Майдангердің өмір жолы – тарихтың ажырамас парағы, жастарға үлгі боларлық ерлік пен табандылықтың мектебі.
Елдік пен отансүйгіштік қасиетті дәріптейтін мұндай тұлғаларды ардақтау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.



