Әскерге шақырылатындарға маңызды жаңалық: әскери билет алу тәртібі өзгереді
Қазақстанда мерзімді әскери қызметті ұйымдастырудың жаңа үлгісі әзірленіп жатыр. Сонымен қатар әскери билеттерді беру және әскери есепке алу қағидалары жаңартылады.

Әскердегі «6+6» жүйесі
Жаңа тәртіп бойынша сарбаздар алғашқы 6 айын оқу орталықтарында өткізіп, әскери даярлықтан өтеді. Келесі 6 айда әскери бөлімдерде тәжірибе жинайды. Жалпы әскери қызмет мерзімі бұрынғыдай 12 ай болып қалады.
Сарбаздарға шет тілдерін үйрену, жасанды интеллект технологияларын меңгеру және сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігі де қарастырылған. Жүйені 2027 жылы пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланған.
Әскери билет беру тәртібі өзгереді
2026 жылғы 14 қарашадан бастап жаңа қағидалар күшіне енеді. Әскери билет әскери қызмет өткерген, әскери жиындарға қатысқан немесе әскери даярлықтан өткен азаматтарға беріледі. Ал әскери қызметте болмаған және әскери даярлықтан өтпеген азаматтарға билет тек жұмылдыру, соғыс жағдайы немесе соғыс уақытында беріледі.
Жеке деректер де жаңартылады
Азаматтың аты-жөні, туған күні немесе туған жері өзгерсе, әскери есептегі мәліметтер түзетіледі. Бұл туралы SMS немесе электрондық үкіметтегі жеке кабинет арқылы хабарланады. Өтініш түскеннен кейін өзгерістер бір сағат ішінде енгізілуге тиіс.
Әскердегі тәртіп күшейтіледі
Сарбаздардың құқықтарын қорғау үшін тәуелсіз әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар армияның басқару жүйесі жаңартылып, Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады.
Әскери есепке қатысты жаңа ережелер 14 қарашада күшіне енеді. Ал «6+6» жүйесі 2027 жылы сынақтан өтеді.



