Төрт түс, төрт түрлі таңдау: Мәслихат сайлауында қай бюллетень кімге арналған?
Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауында төрт түрлі түсті бюллетень қолданылады. Көгілдір, жасыл, күлгін және қызғылт сары түстер мәслихат деңгейі мен депутаттарды сайлау тәсіліне қарай бөлінген.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов мәлімдеді. Бюллетеньдердің әрқайсысы белгілі бір деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға арналған:
Көгілдір – Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттары үшін.
Жасыл – осы деңгейдегі мәслихаттардың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттары үшін.
Күлгін – облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау үшін.
Қызғылт сары – аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлау үшін.
Бюллетеньдер А5 форматында, екіжақты бланк түрінде әзірленіп, мемлекеттік және орыс тілдерінде басылады. Онда партиялардың атауы немесе тіркелген кандидаттардың аты-жөні көрсетіледі. Сондай-ақ «Бәріне қарсымын» деген таңдау болады.
Бюллетеньдер сайлаушылар санына сәйкес дайындалып, оған қосымша 1 пайыз резерв қарастырылады.
Айта кетейік, бұған дейін партиялардың бюллетеньдегі орны анықталған. «Ауыл» партиясы бірінші, «Әділет» партиясы жетінші орынға жайғасқан болатын.



