Түркістанда кітапсүйер жастарды біріктіретін жаңа әдеби алаң ашылды
Түркістанда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында оқырмандар мен жастарға арналған жаңа әдеби алаң өз жұмысын бастады.

Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған алғашқы кездесу «Бірге оқимыз, бірге ойлаймыз!» тақырыбында өтіп, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романына арналды.
Кездесуде шығарманың негізгі идеясы, кейіпкерлер тағдыры, адам болмысы мен рухани құндылықтар талқыланды. Қатысушылар туындыға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, еркін пікір алмасты.
Мекеме басшысы Эльмира Жанғазиева кітап оқудың маңызына тоқталып, жастардың оқыған шығармасын талдап, өз ойын ашық жеткізе білуінің маңызды екенін атап өтті.
Әдеби кешке Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын Бауыржан Ерман қатысты. Қонақтар Оралхан Бөкейдің шығармашылығы мен «Атау-кере» романы туралы ой бөлісті.
Әдеби алаң алдағы уақытта тұрақты түрде жұмыс істеп, мұнда қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары талқыланбақ.



