Май, қойма, логистика: Арыста бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр
Түркістан облысының Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тасымалдау бағытында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС іске асырып жатыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары кезінде кәсіпорындардың құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Солардың ішіндегі ірі жобалардың бірі – күнбағыс, мақта және мақсарыдан өсімдік майын өндіретін зауыт. Кәсіпорын 9 гектар аумақта салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 11 млрд теңге. Өндіріс орны тәулігіне 500 тонна өнім шығаруға есептелген. Зауыт іске қосылғанда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс өткен жылы басталған, өндірісті келесі жылы іске қосу жоспарланған.
Компания бұдан бөлек, Арыста жүк ауыстырып тиеуге арналған мультимодальды орталық салып жатыр. Нысан 1 гектар аумақта орналасады және автомобиль мен теміржол көлігін байланыстырады. Жобаға 200 млн теңге инвестиция салынған. Орталық тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Іске қосылған соң 10 жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорынның сақтау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Былтыр бұршақ тұқымдас дақылдарға арналған қойма пайдалануға берілді. Оның бір мезетте 6 мың тонна өнім сақтайтын мүмкіндігі бар. Нысанда 10 адам жұмыс істейді.
Биыл тауар сақтауға арналған құрғақ портты іске қосу көзделген. Оған 2 гектар жер бөлініп, 1 млрд теңге инвестиция бағытталған. Нысан іске қосылғанда тағы 10 жұмыс орны құрылады.
Келесі жылы астық пен силос сақтайтын қойманы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құны 1,5 млрд теңге болатын нысан 2 гектар аумақта орналасады. Оның жылдық сақтау қуаты 60 мың тоннаға дейін жетеді. Мұнда да 10 адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар инвестор биыл 1,5 гектар аумақта асыл тұқымды жылқы өсіруге арналған кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. Кешенде 30 басқа дейін жылқы ұстау көзделген.
Облыс әкімі жобалардың уақытында әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жауапты басшыларға инвесторларға қолдау көрсетіп, құрылыс барысын бақылауда ұстау міндеттелді.
Жаңа өндіріс пен сақтау нысандары Арыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.



