Түркістан музыкалық драма театры VI маусымының шымылдығын түрді
Түркістан рухани астанасының мәдени өмірінде айтулы орын алатын Түркістан музыкалық драма театрыөзінің мерейлі VI маусымын салтанатты түрде ашты. Өнер ордасының жаңа маусымы көрермендердің ерекше ықыласына бөленген, қазақ музыка өнерінің аңыз тобының қалыптасу жолын өрнектейтін «МузАРТ» музыкалық-драмалық спектаклімен басталды.

Театрдың «МузАРТ» және «Келіндер көтерілісі» секілді туындылары тек Түркістан төрінде ғана емес, Астана, Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларының сахналарында да үлкен аншлагпен өтті. Сонымен қатар, театр ұжымы үшін жақындағы жетістіктер ерекше атап өтуге тұрарлық. Тамыз айында Грузия елінде ұлы Абайдың «Қара сөзі» негізінде сахналанған «Абай. Қарасөз» пластикалық спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Ресейдің Мәскеу қаласында өткен халықаралық өнер фестивалінде театр актерлері жоғары шеберлік көрсетіп, үздік деп танылды және бірнеше беделді жүлдемен оралды. Мұндай халықаралық іссапарлар ұлттар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақ өнерін әлемге танытуға үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да театр осы бағыттағы серіктестікті кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Құрылған уақытынан бері театр сахнасында 17 спектакль қойылды. Олардың қатарында көрермен сүйіп тамашалайтын мынандай сүйекті қойылымдар бар, атап айтқанда,«Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Мағжан», «Вальс королі», «Бекзат», «Пейіш»
VI маусымда да театр ұжымы көрермендерге ерекше жобалар мен тосынсыйлар дайындауда. Атап айтқанда, алдағы бір айдың ішінде театрсүйер қауым назарына кезекті жаңа спектакльдің премьерасы ұсынылмақ.
Түркістан музыкалық драма театры бұл жолы да өз көрермендерін терең мазмұнды қойылымдармен қуантып, рухани әлемнің орталығына айнала беретініне сенімді.



