Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталуға жақындады

Еліміздің оңтүстігіндегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінде ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Құрылыс жұмыстарының негізгі көрсеткіштері:
• Жер жұмыстары: Жалпы көлемі 13,2 млн текше метр болатын жұмыстың 12,9 млн текше метрі, яғни 98%-ы орындалды.
• Рельс-шпал торы: Рельс-шпал торын жинақтау базаларында 142 шақырым жиналып, оның 105,6 шақырымы (жоспарланған көлемнің 61%-ы) учаскеге төселді.
• Жасанды құрылыстар: 129 су өткізу құбырының 124-і (96%) монтаждалып, 29 көпірдің құрылысы аяқталды, ал қалған төрт нысанда жұмыстар жалғасуда.
• Техника мен маман күші: Құрылыс басына 977 бірлік техника мен 1 815 жұмысшы жұмылдырылды.
Қазан айында негізгі жолдарға жер төсемін және рельс-шпал торын төсеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ теміржол жолын түйістіру көзделіп отыр. Ал жаңа теміржол желісі бойынша жұмыс қозғалысын осы жылдың соңына дейін ашу жоспарланған.
Ұзындығы 127,6 шақырымды (негізгі жолдар) құрайтын бұл желі Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша халықаралық теміржол бағытын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүктемесі жоғары Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі жүктемені азайтып, теміржолдың өткізу қабілетін арттырады және Орталық Азия елдері бағытындағы транзиттік тасымалдар мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді.



