Баға ессіз өседі: Дизель дағдарысы Қазақстанға қалай соққы жасайды?

Әлемде дизель бағасы шарықтап, жаһандық инфляция қайта өршуі мүмкін. Белгілі экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұл үдеріс Қазақстандағы азық-түлік пен тауарлардың құнына тікелей әсер етпек.
Қазіргі дағдарыстың түпкі себебі мұнайдың жетіспеушілігінде емес, оны өңдейтін қуаттардың күрт азаюында. Әскери қақтығыстар салдарынан мұнай өңдеу зауыттары мен гидрокрекинг құрылғылары істен шығып жатыр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, тамыз айында әлемде мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 4,2 млн баррельге қысқарған, ал АҚШ-та дизель мен газойль бағасы барреліне 200 доллардан асқан.
«Екі соғыстан туындаған дизель тапшылығы инфляцияны қайта өршітіп жіберуі мүмкін. Онда біздің инфляцияны 10 пайыздан төмен түсіру үшін атқарған екі жылдық ерен еңбегіміз зая кетеді», – дейді Айбар Олжай.
Экономиканың «күретамыры» неге қымбаттауда?
Бензиннен айырмашылығы – дизель тек жеке көліктерге ғана емес, бүкіл логистикаға қажет. Жүк көліктері, тепловоздар, ауыл шаруашылығы техникалары мен теңіз кемелері осы отынмен жұмыс істейді. Сондықтан дизельдің қымбаттауы тасымал шығынын бірден өсіріп, соңы дүкен сөрелеріндегі бағаның шарықтауына әкеледі.
Қазақстанды не күтіп тұр?
Еліміз ішкі қажеттіліктің 90–95%-ын өзі өндіретін болғандықтан (2025 жылы 6 млн тоннадан астам дизель өндірілген), іште физикалық тапшылық о бола қоймайды. Дегенмен, басты қауіп – сыртқы нарықтағы қымбатшылықтың импорт арқылы келуі.
«Шетелде тасымал шығыны қымбаттаса, Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың да бағасы өседі. Инфляция ішкі нарыққа дәл осылай қосымша қысым түсіреді», – деп түйіндеді сарапшы.



