
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте облыстың интернет сапасы, жасанды интеллект жобалары және қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Нәтижелер таңғалдырады. Мәселен, өңірдегі 801 елді мекеннің 769-ы мобильді интернетпен толық қамтылған.

Қалған 32 ауылды желіге қосу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр екен.
Бүгінде облыстың 196 аумағында заманауи 5G базалық станциялары іске қосылған. Байланысы әлсіз деп танылған 95 нүктенің 72-сінде бұл мәселе біржола шешілді, ал қалғандары жыл соңына дейін реттелмек.

Сонымен қатар, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Бұл шалғайдағы ағайынның да жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде қазірдің өзінде 1 834 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Алайда бұл тек бастамасы ғана. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыс аумағында тағы 8 000 камера мен 750 арнайы аппараттық-бағдарламалық кешенді орнату жұмыстары басталып кетті.
Түркістан облысы жаңа технологияларды енгізуде алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда өңірде мынадай заманауи жобалар жүзеге асырылуда:
- ЖИ-көмекші: Әкімдік жұмысын жеделдету үшін жасанды интеллект көмекшісі енгізіліп жатыр.
- Мектептерді онлайн бақылау: Білім ошақтарындағы интернеттің сапасы енді арнайы жүйе арқылы онлайн бақыланады.
- Заңсыз құрылысқа тосқауыл: Геоақпараттық портал арқылы заңсыз бой көтерген ғимараттар автоматты түрде анықталады.
- 109 қызметін цифрландыру: Тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайтын бірыңғай байланыс орталығының жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшеді.


