Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді

Түркістанда Ұлыбританияның Оксфорд университеті студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды. Оқу курсы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатыр.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бірлескен жұмысы нәтижесінде ұйымдастырылған.

Бағдарламаға қатысушылар қазақ тілінің негіздерін үйреніп, күнделікті жағдайда қазақша сөйлесуге машықтанады. Сонымен қатар олар Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері және ұлттық құндылықтары туралы дәрістер тыңдайды.
Бұл бастама Ұлыбританиядағы білім беру бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының жалғасы саналады. Жоба туралы алғаш рет ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы 2 қарашада айтып, Қазақстан мен Оксфорд университеті арасындағы білім саласындағы байланысты атап өткен.

Сабақтарды Ахмет Ясауи университетінің профессор-оқытушылары жүргізеді. Студенттер қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, алған білімін күнделікті қарым-қатынаста қолданады.
Бағдарламаның оқу мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары да қатысты. Олар шетелдік студенттердің қазақ тілін деңгейіне қарай меңгеруіне арналған оқу материалдары мен тіл үйрету тәсілдерін әзірлеген.
Жобаға «Болашақ» бағдарламасының түлектері де атсалысып отыр. Олардың Оксфорд университетімен бұрыннан қалыптасқан академиялық байланыстары екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.

Тіл сабақтарынан бөлек, студенттер Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысады. Бағдарламада салт-дәстүр, қолөнер және ұлттық тағамдарға арналған кездесулер мен практикалық сабақтар қарастырылған.
Сондай-ақ қатысушылардың Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарға шығуы жоспарланған. Олар аталған қалалардағы тарихи ескерткіштерді, киелі орындар мен сәулет нысандарын аралайды.

Оксфорд студенттері Ахмет Ясауи университетінде өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» атты III халықаралық симпозиумға да қатысады.
Жоба арқылы қазақ тілін шетелдік жастарға таныстыруға және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім, ғылым және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік жасалмақ.



