Басты жаңалықтар

«Ақсу-Жабағылы» қорығына – 100 жыл

Түркістан облысының Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойға табиғат жанашырлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және түрлі сала өкілдері қатысты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қорықтың ғасырлық мерейтойымен құттықтап, оның табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызы айтылды.

– «Ақсу-Жабағылы» – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы мемлекеттік табиғи қорық. Бір ғасыр ішінде бұл мекен табиғатты қорғау, ғылым және экологиялық мәдениет қалыптасқан үлкен мектепке айналды. Бүгінде қорықтың 131 мың гектардан астам аумағында табиғаттың қайталанбас байлығы сақталған, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі қорықты сақтау мен дамытуға үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев сөз сөйледі.


Мерейтойлық шарада мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы табиғи мұра жөніндегі сарапшысы Елина Мальцева да сөз алып, қорықтың маңызы туралы пікірлерін білдірді.


«Ақсу-Жабағылы» қорығында 52 сүтқоректі, 299 құс, 11 бауырымен жорғалаушы және 3 қосмекенді түрі кездеседі. Сонымен қатар жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1 312 түрі бар. Оның 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Ақсу шатқалы, тау көлдері, мұздықтар мен ерекше табиғи ландшафттар қорықтың құндылығын арттырады.

Қорықтың табиғи маңызы халықаралық деңгейде де мойындалған. «Ақсу-Жабағылы» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ал 2016 жылғы 17 шілдеде қорық орналасқан «Батыс Тянь-Шань» трансшекаралық табиғи аумағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді.

Салтанатты шара облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, қонақтар үшін мерейтойлық кеш ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button