Өңірлік брендтерді қолдау: Түркістанда «Atameken Fair Turkistan Brand» жәрмеңкесі ашылды
Түркістанда «Atameken Fair Turkistan Brand» жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев қатысып, өңірде өндіріліп жатқан отандық өнімдермен танысты.

Бір алаңға бас қосқан облыстың үздік өндірушілері өз өнімдері мен жаңа брендтерін көпшілікке ұсынды. Бұл бастама өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жергілікті тауар үлесін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесін айқын көрсетеді.
Бүгінде облыста кәсіпкерлік пен өндіріс қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың сегіз айында өңірдегі орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Басты басымдық шикізатты терең өңдеуге, жаңа өндірістер ашуға және дайын өнім шығаруға берілуде.
Өңірдің сыртқы сауда айналымы өсуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сыртқы сауда айналымы $2,3 млрд құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға артты. Ал экспорт көлемі 36,5%-ға өсіп, $1,2 млрд жетті.
Аталған бағыттағы жұмыстар аясында көкөністі терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы және сүт өнімдері сияқты басым салаларда 40 инвестициялық ұсыныс дайындалды. Сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам түрін қамтитын арнайы каталог жасақталды. Бұдан бөлек, мақта және ет кластерлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жалпы бұл шаралар жергілікті өнімнің мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға және өңірде шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған.



