Италияда жүргізушілер үшін үлкен жаңалық: Көлік салығы мүлдем алынып тасталуы мүмкін

Еуропадағы ең танымал әрі халық көп сынайтын төлемдердің бірі тарихқа айналуы ғажап емес. Италия үкіметі 2027 жылдан бастап миллиондаған азаматты жыл сайынғы көлік салығынан толықтай босатуды жоспарлап отыр. Бұл бастама Еуропа елдерінде үлкен резонанс тудырып отыр.
Өзгеріс кімдерді қамтиды?
Бағдарлама елдегі барлық автокөліктер мен мотоциклдердің 70 пайыздан астамын, нақтырақ айтқанда 14,5 миллионға жуық көлікті қамтиды деп күтіліп отыр. Дегенмен, бұл оңтайлы шешімнің өз қатаң шарттары бар.
Басты шарттар мен ерекшеліктер:
• Бір адамға – бір көлік: Жеңілдік әр азаматтың тек бір ғана көлігіне қолданылады. Егер меншігіңізде бірнеше темір тұлпар болса, салықтан тек ең әлсіз немесе қуаты төмен көлік қана босатылады.
• Миллиардтаған шығын қалай өтеледі? Бұл салық негізінен аймақтық бюджеттерді толтыратын. Италия үкіметі жергілікті қазынаның бұл өзгерістен 2,29 миллиард еуро шығынға бататынын есептеп, аталған соманы толығымен өтеп беруді жоспарлап отыр. Ал салықтан түсетін жалпы кіріс көлемі жыл сайын 6-7 миллиард еуроны құрайтын.
• Айта кетейік, бұл салық Италияда алғаш рет 1953 жылы «жолдарды пайдалану» үшін енгізіліп, 1980 жылдары толықтай көлік иелену салығына айналған болатын.
Бұл – билік коалициясындағы Forza Italia партиясының басты сайлауалды уәделерінің бірі еді. Марқұм Сильвио Берлусконидің «халыққа түсетін салық жүктемесін азайту» ұранын ұстанған саяси күштер бұл бастаманы табанды түрде жүзеге асыруға кірісті. Әзірге бұл қадам 2027 жылға ғана арналғанымен, үкімет мұны ұзақ мерзімді әрі түбегейлі реформа ретінде қарастырып отыр.



