Шетелден ақша алып жүрсің бе? Салықшылардың бұл талабын білмесең, штраф арқалайсың

Шетелдік көздерден грант, қайырымдылық немесе өзге де қаржыландыру алу заңбұзушылық болып саналмайды. Дегенмен, Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес белгілі бір хабарлау және есеп беру міндеттері бар. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Қандай жағдайда хабарлау міндетті?
Егер шетелдік көздерден (шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар немесе шетелдіктер) алынған қаражат төмендегі бағыттарға жұмсалса, салық органдарын міндетті түрде хабардар ету қажет:
Заң көмегін көрсету;
Қоғамдық пікірді зерделеу, сауал салу және әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу;
Ақпаратты жинау, талдау және тарату.
Қандай құжаттар тапсырылуы тиіс?
Қаражат көлемі 1 теңгеден асқан жағдайда келесі екі нысан бойынша мәлімет ұсынылуы тиіс:
1. 017.00 нысаны – Ақша немесе өзге де мүлік алғаны туралы хабарлама.
2. 018.00 нысаны – Оларды алу және жұмсау туралы мәліметтер.
Бұл мәліметтер негізінде салық органы тізілім қалыптастырады. Аталған тізілім жартыжылдық қорытындысы бойынша есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей МКК интернет-ресурсында жарияланады.
Кімдерге қатысты және жауапкершілік қандай?
Аталған талаптар тек үкіметтік емес ұйымдарға ғана емес, заңда көрсетілген шарттарға сәйкес келетін жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне де ортақ.
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлама мен мәліметтерді ұсынудың белгіленген тәртібін бұзғандар үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.



