Мақтадан дайын өнімге дейін: Түркістанда джинс матасын шығаратын зауыт бой көтеруде
Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібін жаңа сатыға көтеретін ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Мұнда мақта шикізатын терең өңдеп, сапалы джинс матасын шығаратын «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС фабрикасы салынып жатыр.

Өндіріске қажетті 20 гектар жер телімі бөлініп, бүгінде бұл аумақта қызу жұмыс жүріп жатыр. Мақта-мата жіптері мен джинс матасын өндіруге бағытталған бұл инвестициялық жобаның жалпы құны 25,8 миллиард теңгені құрайды. Фабриканың бірінші кезеңін ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Жоба толық қуатымен жұмыс істей бастағанда өңірде 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Құрылыс қарқынын бақылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек арнайы экономикалық аймақтың қосалқы аумағына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Инвесторлар мен мердігер компания («Qaz Build Elements» ЖШС) өкілдерімен кездесу өткізіп, туындаған мәселелерді жергілікті жерде пысықтады.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары нысанды инженерлік инфрақұрылыммен (электр энергиясы, газ, су желілері) толық қамтамасыз етуді жеделдетуді, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс алаңындағы жұмысшылар санын арттырып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін ерекше атап өтті.
Қазіргі таңда нысандағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жатақхана мен офистік ғимараттардың құрылысы аяқталуға жақын. Екі өндірістік ғимараттың жер жұмыстары, іргетас құю, бетондау және металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Құрылыс басына қажетті техникалар мен жұмысшылар толық жұмылдырылған.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Жаңадан бой көтеріп жатқан тоқыма фабрикасы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, қосылған құны жоғары отандық өнім көлемін ұлғайтуға айтарлықтай үлес қоспақ.
Бұл жобаның жүзеге асырылу барысы облыс басшылығының тікелей бақылауында.



