Басты жаңалықтар
Қазақстандықтар енді емхананы кез келген уақытта ауыстыра алады
Қазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгерді. Енді азаматтар жыл соңындағы тіркеу науқанын күтпей-ақ, өзіне қолайлы медициналық ұйымды кез келген уақытта таңдай алады.

Жаңа ереже 12 қыркүйектен бастап күшіне енді. Алайда емхананы ауыстыруға жылына бір реттен артық рұқсат етілмейді.
Құжатқа сәйкес, азамат медициналық ұйымға тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша тіркеле алады. Бұл ретте жаңа емхана таңдағаннан кейін бұрынғы медициналық ұйымдағы тіркеу тоқтатылады.
Жаңа дәрігерге қашан жазылуға болады?
Емханаға тіркелу туралы хабарлама келгеннен кейін азамат жаңа учаскелік дәрігердің қабылдауына жазыла алады.
Мысалы, адам 15 қыркүйекте жаңа емханаға тіркелгені туралы хабарлама алса, 16 қыркүйектен бастап учаскелік дәрігерге қабылдауға жазылуға мүмкіндік бар.
Осылайша азаматтарға медициналық ұйымды өз тұрғылықты жері мен қажеттілігіне қарай таңдауға мүмкіндік берілді.



