Ұлттық мұраның қос тұқымы көпшілік назарына ұсынылды
Қазақтың жүйрік тазысы мен айбарлы төбеті Бәйдібекте бір алаңға жиналды. Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Шұқыршақ сарқырамасы маңында ұлттық ит тұқымдарын дәріптеген «Тазы» және «Төбет» фестивалі өтті.

Шара биыл алғаш рет аталып өткен Қазақ тазысы мен төбеті күніне орай және Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Көрмеде қазақтың жүйрік тазысы мен айбарлы төбетінің ерекшеліктері көрсетілді. Қатысушылардың иттері тұқымдық сипаты, дене бітімі, күтімі мен өсіру мәдениеті бойынша бағаланды.
Тазы – қазақтың дәстүрлі аңшылық және саятшылық өнеріндегі сенімді серігі. Ал төбет ғасырлар бойы мал күзетіп, қора-қопсыны қорғауға пайдаланылған. Сондықтан бұл иттер қазақтың тұрмыс-тіршілігімен қатар, ұлттық мәдениеттің де бір бөлігі саналады.
Іс-шараның ашылуында Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов пен Бәйдібек ауданы әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен сөз сөйледі.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ұлттық ит тұқымдарын кеңінен танытып қана қоймай, оларды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге де ықпал ететінін атап өтті.
Көрме соңында үздік қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Ал жергілікті өнерпаздар көрерменге ән-жырдан шашу шашты.



